UNIX/Linux қазақстандық пернетақталар


Жалпы қазақстандық пернетақталар туралы басқа мақалада жазылған. Ол - міне. Мұнда Х11 (Xorg, Xfree86) жүйесін қолданатын UNIX/Linux операциялық жүйелерінде қазақстандық пернетақталарды орнату жолы келтірілген. Xorg, Xfree86 жүйелерінің соңғы нұсқаларында қазақстандық пернетақталар жүйенің құрамына енген екен (Б.Исмагулов деген азаматтың енбегімен – рақмет оған), бар дүние қанағаттарлық болса – төмендегіні істемеңіз, әрі оқуға да қажеті жоқ. Бірақ бұл шаруа бітірілмеген сияқты – префиксті пернетақталар, мен кездестірген нұсқаларда, әлі істемейді.

Мақсаттағанымызды орнату үшін пернетақта сәйкестіктердің “kz” немесе “/pc/kz” (екеуі де “kz” деп аталады – қайсы Сізге керегі – төменде айтылады) және "4Compose" файлдарын көшіріп алу керек болады. Сонымен қатар төменде көрсетілген кейбір файлдарға өзгерістерді енгізу де керек болады. Керек файлдарды орнатып, өзгерістерді енгізіп жатқанда, бұндай файлдар жүйеңізде бар болып қалса, ұқсас жазулар кездесіп қалса – ауыстыра салыңыз.

Алдымен жүйеңізде “xkb” қапшығы орналасқан “X11” қапшығы қайда екенін білу қажет. Әдетте UNIX файл жүйесінде бірнеше “X11” деп аталған қапшықтар бар – бізге керегі ішінде “xkb” деген қапшығы орналасқаны. Көбінде ол \usr\X11R6\lib\X11 немесе \usr\share\X11 деген жолда орналасады. Бұл жолды төменде біз {X11 жолы} деп атаймыз.

Пернетақталарды орнату қадамдары міне:
1) Жүйеге root болып кіріңіз.
2) Жүйеізде {X11 жолы}/xkb/symbols/pc қапшығы болса, онда оған жоғарыда “pc/kz” деп сілтеген файлды, ал symbols қапшығында “pc” деген қапшығы болмаса {X11 жолы}/xkb/symbols деген қапшығының өзіне жоғарыда жай “kz” деп сілтеген файлды орналастырыңыз. Файл өзімен тектес көптеген екі-үш әріппен таңбаланған түрлі елдердің ұлттық пернетақта файлдарымен қатар орналасады.
3) Егер жоғарыда “pc/kz” деген файлды орнатсаңыз, {X11 жолы}/xkb/ қапшығында “symbols.dir” деген мәтіндік файлды тауып, оған келесі үш жолды қосыңыз:
-dp----- a------- pc/kz(basic)
--p----- a------- pc/kz(kz1)
--p----- a------- pc/kz(kz2)
Әйтпесе, жоғарыда жай “kz” деген файлды орнатсаңыз, “symbols.dir” файлына
-dp----- a------- kz(basic)
--p----- a------- kz(kz1)
--p----- a------- kz(kz2)
деген үш жолды жазыңыз.
4) {X11 жолы}/xkb/rules қапшығында “xfree86.lst” деген мәтіндік файлды тауып, оған басқа елдердің қатарына
kz   Kazakhstan
деген жолды жазыңыз.
5) Жоғарыда аталған “4Compose” деген файлдағы мәтінді {X11 жолы}/locale/en_US.UTF-8/ деген қапшықтағы үлкен “Compose” деген мәтіндік файлдың соңына, қалаған редактордың көмегімен қосып қойыңыз (мұндағы редактор дегеніміз адам емес – өңдегіш бағдарламасы ғой, бірақ көмектесетін адамыңыз болса – мейлі, көмектессін).

Болды, X11 деңгейінде бәрі де дайын. Жоғардағы әдетті en_US.UTF-8 локейлмен (locale) жұмыс істеуге бағытталған. kk_KZ.UTF-8 локейлмен істеуді қаласаңыз екі амал бар. Біріншісі, {X11 жолы}/locale/compose.dir файлына
en_US.UTF-8/Compose:   kk_KZ.UTF-8
деген жолды қосу (елдердің көбі осы жолмен кеткен). Екіншісі, {X11 жолы}/locale/ қапшығында дербес kk_KZ.UTF-8 қапшығын құрып, оған “4Compose” файлын орналастырып, оның атауын “Compose” дегенге ауыстырып; {X11 жолы}/locale/compose.dir файлында
kk_KZ.UTF-8/Compose:   kk_KZ.UTF-8
деп қою. (Мұнда бүкіл әлемді қамтитын жарты мегабайттық en_US.UTF-8/Compose файлы керек жоқ),

Енді KDE деңгейінде пернетақтаны баптауға кіресейік.
1) KDE Control Center (Басқару орталығы) дегенде Regional & Accessibility -> Keybord Layout (Жергілікті және Арнаулы мүмкіндіктер -> Пернетақта сәйкестігі) терезесін ашыңыз:
Keyboard Layout терезесі
2) Алдымен жоғардағы "Enable keybord layouts" ("Пернетақта сәйкестіктер қосылсын") белгісін қойып бүкіл терезесін белсендетіңіз.
3) Елдер тізімінен Kazakhstan дегенді таңдап, "Add>>" ("Қосу>>") батырмасын басып, таңдағанды қолданыстағы сәйкестіктерге қосыңыз.
4) Жаңа қолданысқа қосылған пернетақтаны таңдап, төмендегі "Layout variant" ("Сәйкестігінің түрі") деген ашылмалы тізімнен керек пернетақта сәйкестігін таңдап алыңыз. Таңдауда үш вариант бар: basic, kz1, kz2. Басындағы <default> деген таңдау "basic" дегенге тең. Бұл үшеуін қайсы қандай екенін басқа мақалада түсіндірілген. Ол мақалаға қайта сілтеймін - міне.
5) "Include latin layout" ("Латын сәйкестігімен бірге") деген көзін белгілеп қою да пайдалы болар. Таңдағанды іске асыру үшін ең төмендегі "Apply" ("Іске асыру") немесе "OK" ("OK" қазақша да "ОК" = "Осымен Келісемін" деген ғой) батырмасын басып аяқтаңыз.

Болды, KDE деңгейіндегі де баптау аяқталды. Таңдалған "en" жане "kz" пернетақта сәйкестіктер арасында әрі-бері ауысу үшін KDE-де Ctrl+Alt+K пернелер тіркесімі қолданылады (Жаңағы "Include latin layout" белгісін қоймасаңыз, бұл тіркесім тек қана "әрі" ауыстырады). Сонымен қатар, экранның төмендегі оң жағындағы "en" не "kz" деп тұрған индикаторды тышқанның меңзерімен түртіп әрі-бері ауысуға да болады.

Соңында айтатыным – жоғардағы қадамдар KDE 3.5/FreeBSD 6.2 және KDE 3.5/Linux Fedora Core 6 жүйелерінде тексерілген. Бәрі де тегіс істейді, бірақ Linux-тегі OpenOffice 2.0 бағдарламасында kz1 және kz2 префиксті енгізу бірден істемеді. OpenOffice-те префикстерді дұрыс істету үшін қолданатын қоршау-ортаның (мысалы, bash) бастау параметрлерінде (bash болса, мысалы “.bash_profile” файлында) GTK_IM_MODULE айнамылысын орнатып қою керек, былай:

GTK_IM_MODULE=xim; export GTK_IM_MODULE

FreeBSD-де кейбір ұқсас мәселелерді де осы айнымалы арқылы шешуге болады.

Болды.
Іске сәт!

Жарияланған күні: 15.03.2007
Соңғы өзгеріс: 19.03.2007

Жоғарғы параққа ауысу...